«Жас бала-жаңа өркен жайған жасыл ағаш тәрізді» дейді халқымыз. Яғни жаңа отырғызылған жас шыбық тамыры тереңдеп, жапырағы жайқалып, саялы ағаш болып үлкейгенше, мәпелеп күтіп, үзбей тәрбиелеуді керек етеді. Сол себепті 13 ақпанда Макинск қаласының мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру» республикалық бағдарламасын жүзеге асыру аясында, Қазақстан Республикасының елордасы - Астана қаласының 20 жылдық мерей тойына орай «Ақмола жұлдыздары» атты аудандық білім беру ұйымдары арасында халық шығармашылық байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқауға біздің «Балдырған» мектеп-балабақшасының тәрбиеленушілеріде өз өнерлерімен сынға түсті. Балабақша жанынан құрылған «Қарлығаш» би ұжымы «Домбыра күмбірі» биімен шашу шашып қонақтарды тәнті етті. Тәрбиеленушілеріміз Тұрғанбек Ақылжан мен Бейсембаева Жансая «Атамекен» әнін нақышына келтіре орындап, көрермен көзайымына айналды. Сондай-ақ «Ұлы жібек жолы» тақырыбында ұйымдастырылған көрмеге тәрбиешілердің өз қолдарынан жасалған бұйымдар ұсынылды. Байқау соңында «Балдырған» мектеп-балабақша ұжымы мен сайысқа қатысушы балалар арнаулы Мадақтамаға ие болды.