Жаз айларында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру.
Жаз мезгілі балалар үшін, бұл уақыт тән-тұрпаттың табиғатпен ерекше үндестік тауып, дүниетаным аясы кеңитін, көзқарас қалыптасып, үйренуге ықыласы артатын жылдың тамаша мезгілі. Жаз тәрбиеленушілерге негізгі сабақтан, үйреншікті тіршілік қарекетінен босап, өзін қызығушылығымен айналысуына мүмкіндік береді. Сондықтан тәрбиешілерге балалардың бос уақытын дұрыс пайдалануға бағыттаудың, үйретудің мәні зор. Бос уақыт дене және ақыл-ой қызыметін тынықтыратын, қарым-қуатты жетілдіретін іс-әрекетке жұмсалуы жөн. Әйтсе де тыныға жүріп, ойын барысында балалардың шынығу-шындалу мәселесімен қатар, түрлі бағыттағы іс-шараларға тарту арқылы тәрбиелеу маңызды.
Осыған орай, балалардың жазғы демалысын ұтымды пайдалану мақсатында, «Балдырған» бөбекжайында жазғы сауықтыру шараларының жоспары құрылып, бекітілді, айлар арнайы апталықтарға бөлініп, әр күнге тақырып берілді.
Жазғы іс-шаралар «Өнер» апталығымен басталды. Мақсаты: музыка тәрбиеленушілердің ішкі дүниесін байытады, сонымен қатар ұлттық өнерді қастерлеуге, өнер адамдарына сүіспеншілігін арттыруға, ұлттық аспаптарға деген қызығушылыққа тәрбиелеу.
«Спорт» апталығы. Мақсаты: бүлдіршіндерді салауатты өмір салтына үйрету, ұлттық ойындарға қызығушылықты ояту, спортпен шұғылдануға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.
«Қауіпсіз жаз» апталығы. Мақсаты: Күнделікті тіршілікте кездесетін балалардың өмірі мен денсаулығына қауіпті заттар мен құралдар туралы түсіндіру, сонымен қатар пайдалану тәсілдерін үйрету.