«Ақмола облысы білім басқармасының Бұланды ауданы бойынша білім бөлімінің жанындағы Макинск қаласының «Балдырған» бөбекжайы» МКҚК-ы
ГККП «Ясли - сад «Балдырған» города Макинск при отделе образования  по Буландынскому району управления образования Акмолинской области»

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

«Қазақстан рәміздері - ұлтымыздың намысы»

11.06.2019

«Қазақстан рәміздері - ұлтымыздың намысы»

Сабақтың мақсаты: Қазақстан республикасының мемлекеттік рәміздерімен таныстыру. Балаларды отансүйгіштікке, адамгершілікке, Отанына, халқына адал еңбек етуге, халқының тегін, тарихын білуге тәрбиелеу. Баланың ой-өрісін ізденімпаздыққа, жан - жақтылыққа шақыру, тіл байлығын дамыту.

Сабаққа қажетті көрнекі- құралдар: Қазақстан Республикасының рәміздері - туы, елтаңбасы, әнұраны. Астана қаласының нысандары, ғимараттары, мұражайларының сурет – буклеттері.

Ұйымдастыру кезеңі: Балалар дөңгелене тұрып, әр бала өз ұлтының тілінде амандасады: Сәлеметсіздерме?

Сабақтың барысы:

Балалар бүгін бізде ерекше сабақ болады. Сабағымызды әнұранмен бастайық. Балалар қолдарын кеудеге қойып әнұранды айтады.

Тәрбиеші: Біздің Отанымыз қалай аталады?

Балалар: Біздің Отанымыз Қазақстан Республикасы.

Тәрбиеші: Қазақстанның бас қаласы яғни елордасы, астанасы қай қала?

Балалар: Қазақстанның астанасы - «Астана» қаласы .

Тәрбиеші: Дұрыс, Астана – жас, көркем, әсем, әдемі қала.

Суреттерді көрсетіп, әңгімелеу. Біздің еліміздің  тұңғыш президенті кім?

Балалар: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Тәрбиеші: Ал біз Қазақстанның қай қаласында тұрамыз?

Балалар: Макинск  қаласында.

Тәрбиеші: Өте жақсы, бүгін біз сендермен Мемлекеттік рәміздермен танысамыз. Ол үшін тақтадағы суреттерге назар аударайық. Мына суреттегі біздің еліміздің мемлекеттік туы. Оның ортасында шұғылалы күн, астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек жолақ түрінде нақышталған. Шұғылалы күннің, қыранның және ұлттық өрнек бейнеленген тік жолақтың бейнесі – сары, алтын түсті. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашанда бейбітшіліктің, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейді. Күн қозғалыстың, дамудың, өркендеудің және өмірдің белгісі. Ал қанатын жайған қыран құс бар нәрсенің бастауындай биліктің, айбындылықтың бейнесі, күннің астында қалықтаған қыран қазақ халқының еркіндік сүйгіш асқақ рухын, қазақ халқының жан дүниесінің кеңдігін ашып көрсетеді.

Келесі суретте мемлекеттік елтаңбамыз көрсетілген. Елтаңбаның негізі – шаңырақ. Шаңырақ мемлекеттің түп негізі – отбасының бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап 72 уық шаншылған. Шаңырақтың айналасындағы уықтарды пырақтардың қанаты басып тұр. Қанатты тұлпар аңыз - әңгімелерден туған ұшқыр арманның, талмас талаптаң, жақсылыққа құштарлықтың белгісі. Бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүрген Қазақстан халқының өсіп-өркендеуін, рухани байлығын суреттейді. Елтаңбаның жоғарғы жағындағы бесбұрышты жұлдыз бейнеленген.

Ал келесі суретте «Менің қазақстаным» атты әнұранымыздың сөздері жазылып көрсетілген.

Осының барлығын біз бір сөзбен «Мемлекеттік рәміздер» деп айтамыз.

Балалар, сендер бүгінгі тақырыбымызға байланысты ту, елтаңба туралы тақпақ білесіңдерме?

Зейнеп: Көк аспандай көкпеңбек,

Қазақстан жалауы.

Көк емес ол тектен-тек,

Елдің ашық қабағы.

Алдияр: Ақ ниеті – алтын күн,

Асқақта арман – қыраны,

Жалауы бұл халқымның,

Мәртебесі, мақтаны.

Жансая: Елтаңбасы елімнің

Неткен әйбат, әдемі!

Тұнығындай көңілдің,

Ортада аспан әдемі.

Қайрат: Батырлық бар тегімде,

Көк байрағым көгімде.

Әнұранды жатқа айтам,

Елтаңбам тұр төрімде.

Рамазан: Елордасы – Астанам,

Саған айтам асқақ ән,

Дүнеиге қазақ боп,

Туғаныма мақтанам!

Жайна:

Бақыт, бірлік – күн талабы,

Тоқтамайды дабыр әні.

Мәңгі бақи шырқалады,

Республикамның әнұраны!

Нұрислам:  Айнымайды аспаннан,

Біздің тудың бояуы.

Оны халық қадірлеп

Биікке іліп қояды!

 

Медет:Әнұраным – жан ұраным,

Айтар әнім, сөйлер сөзім.

Туған жерім сағынарым,

Жүрсем егер дүние кезіп.

Сергіту сәті:

Дөңгеленіп тұрамыз,

Керегені құрамыз.

Уық болып иіліп,

Шаңырақты құрамыз.

Қазақстанда  әртүрлі ұлт өкілдері  тату тәтті өмір сүреді. Қазақстан үлкен, кең байтақ,  табиғаты сұлу.

Ән: «Отан-біздің әніміз»

Қорытынды: «Доп лақтыру» ойыны арқылы сабақты бекіту.

Балалар мына доп сендердің бүгінгі тәрбие сабақты қалай түсінгендеріңді білгісі келіп тұр екен.

Ойынның шарты: Мен допты сұрақ қою арқылы кез – келген балаға лақтырамын, ол жауап қайтарып кері қарай маған лақтырады.

- Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті кім?

- Қазақстан Республикасы  туының түсі қандай?

- Туда нелер бейнеленген?

- Елтаңбаның пішіні қандай?

- Елтаңбада нелер бейнеленген?

Қорытынды:

Алдағы уақытта тәуелсіз еліміздің шаңырағынан күн сәулесі тарап,  кең даласы нанға толып, көлдері көкке күмістер шашып, тілінің мәртебесі биік болсын!

Просмотров: 832


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст