Тақырыбы: «Берекелі,Алтын күз»
Мақсаты: Балалардың күз туралы түсініктерін кеңейту, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлау.
Барысы: Әдемі әуен ойналып тұрады, қонақтар орындарына жайғасып болған соң сыныпқа балалар кіріп орындарына тұрады.
БИ: «Картоп жинау»
Жүргізуші: Құрметті қонақтар! Бүгінгі біздің «Мирас» мектепалды даярлық тобының «Берекелі,Алтын күз» атты ертеңгілігімізге қош келдіңіздер!
Армысыздар, халайық,
Бармысыздар, халайық!
Күзгі тойды жұп жазбай,
Бірге қарсы алайық!
Хор: «»
Балалар, бүгін барлығымыз күз мерекесіне жиналдық. Қонақтар да келді. Бірақ біздің мерекеге біреу жетіспейді. Сендер білесіндер ме ол кім?
Балалар: Ол күз!
Жүргізуші: Ендеше күзді ортаға шақырайық.
Бірге: Берекелі күз келді, меркелі күз келді.
Күз: Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Балалар: Сәлеметсіз бе, Алтын күз!
Күз: Береке бақ дарыған,
Жомарт көңіл, жарқын жаз.
Сары алтынға малынған,
Алтын күз деген мен болам. Армысыздар қонактар, кішкентай бүлдіршіндер! Мен мерекеге кешігіп қалдым ба?
Балалар: Жоооқ.
Жүргізуші: Шоғы толған гүлдей жайнап,
Шақырады жарқын жүз,
Сайраңдаған күліп-ойнап,
Келді міне Алтын күз!
Күз: Балалар мен сендерді көргеніме қуаныштымын. Мен сендерге бір жұмбақ жасырайын.
Ағайынды бәрі
Шықса жасыл
Түссе сары. Бұл не?
Балалар: Жапырақ.
Күз: Дұрыс таптыңдар, жарайсыңдар!
Жүргізуші: Алтын күз, біздің балалар күз туралы өлең, тақпақтар біледі. Сіз жайланып отырып балалардың өнерін тамашалаңыз.
Тақпақтар:
Айзере:
Қарашы күз келді, күз келді,
Сары алтын жауыпты іздерді,
Құс біткен керуен түзеді,
Көңілсіз неліктен күз енді?
Ербатыр:
Сары теңге жапырақ,
Бояған ба көл бетін?
Тоңазыпты топырақ,
Ызғарлы екен желде тым.
Арлан:
Кездескен соң күзімен,
Бұтағынан үзілген.
Ай жапырақ-сары алтын,
Айналаның бәрі алтын.
Айлин:
Астық жеміс жиылды,
Қамбамызға құйылды,
Ардақты күз мың алғыс,
Алдық өнім сыйыңды.
София:
Күз сыйы бәрі де,
Табиғат дәулеті.
Туған жер әрі де,
Күзбенен сәулетті
Ж.Меруерт:
Жайдары күз, жарқын күз,
Аяулы күз, алтын күз.
Дәнге толы кең далам,
Дәриядай шалқар күз.
Хор:
Жүргізуші: Балалар енді мен сендерге көкөністерге қатысты жұмбақтар жасырамын.
Мақтанғаннан не пайда?
Менсіз дәмді щи қайда?
Мені қосса самсаға
Бәрі жейді тамсана. (Орамжапырақ)
Өсем бақша-бауыңда,
Қатты ұқсаймын қауынға
Жемек болып шикілей
Күлкі болма қауымға. (Шалқан)
Мен бір сөз айтайын,
Мақтанайын сіздерге.
Менсіз борщ болмайды,
Венегретте үстелде. (Қызылша)
Дәмім тілді үйірген,
Мен тұздалған күйімде.
Жаңа піскен күйімде,
Жейді бәрі сүйсіне (Қияр)
Жүргізуші: Қане, балалар, осындай молшылық күз айында бір ойын ойнап жіберейік. Ойын: «Жемістер мен көкөністер»
Музыкамен барлығы билейді, тоқтап қалғанда, әр команда өз шеңберіне барып тұрады. Кейін ойын қайталанады.
Тақпақтар:
Айғаным:
Соңғы шуақ төгіліп, салқынданып тұр аймақ,
Ақ сәулеге шомылып, жапырақтар жүр ойнап.
Көктен көзін бір алмай, қызғылт тартты сары күз
Жер қызығын қиялмай, маужырап тұр сары күз.
Мансур:
Күзім-ау, күзім-ау!
Мінезің бұзық-ау,
Жаңбырың сіркіреп,
Келгенің қызық-ау!
Адилет:
Алтын, сары, қызыл, көк,
Алуан-алуан жапырақ.
Күзгі бақта күлімдеп,
Көз тартады атырап.
Даяна:
Гүл жайнаған даланың,
Жапырағы солыпты.
Таңырқадым, қарадым,
Танымастай болыпты.
Айтуар:
Қара бұлт қабағын түйеді,
Бұталар боз қырау киеді,
Осы ма, осы ма күз деген,
Бақшаға баратын бізбенен.
Рамина:
Қуандырып біздерді,
Мерекелі күз келді.
Кел жемісті алтын күз,
Кемелденсін халқымыз.
Би:
Күз: Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар! Ал енді қонақтарымызды сынап корейік. «Ұйқасын тап» ойыны
1.Пісетін кезі дәл күзде
Мезгілсіз оны үзбе
Аузынан кетпес бал дәмі
Оның аты (шабдалы)
2.Кіп-кішкене болса да,
Ағаштың басын иеді.
Жемістерін айырып,
Танисың ба? (шиені)
3.Жапырақты тасалап,
Өсетін жері- бақша-бақ
Күрең қызыл шіркін-ай
Оның аты (таңқурай)
Ән: «Күз» Тоғжан мен Айлин
Тақпақтар:
Тоғжан:
Көк майсалы көрікті,
Алқаптағы көпегін.
Бұл күндері киіпті,
Сары жібек көйлегін.
Ағаштардан жамырап,
Ұшты кенет жапырақ.
Ой, алақай, тамаша,
Шашу шашты жапырақ!
Бақдәулет:
Көбейді құт-береке,
Астық толы қоймамыз.
Құтты болсын мереке,
Алтын күзді тойлаймыз.
Айдан:
Жетті желмен алтын күз,
Жеміс жинау салтымыз
Жиып-теріп болған соң
Той жасайды халқымыз,
Мол өнімді жинаймыз
Елге бәрін сыйлаймыз.
Қ.Меруерт:
Сары алтыннан бұрымда,
Сары пүліш көйлегі:
Алтын күзді шынында,
Ару дерсің бейнелі.
Тамирлан:
Жүзім, алма жинаймыз,
Алтын мақта тереміз.
Үлкендерді сыйлаймыз,
Көмектесе береміз.
Диас:
Тоңазып атырап,
Көп жеміс піседі.
Сарғайып жапырақ,
Саудырап түседі.
Аспанды сұрғылт бұлт,
Жан-жақтан жабады.
Күнбірте суытып,
Жауын көп жауады.
Жүргізуші: Алтын күз, балалардың өнері ұнады ма?
Күз: Рахмет, балалар, маған мереке қатты ұнады. Ал енді менің орманға баратын уақытым болды
Берекелі бақ-дәулет,
Арта түссін тойланып.
Сау болыңдар балалар,
Келгенше жыл айналып.
Жүргізуші:
Тілегім аман болсын ел іргесі,
Алтын күз қайта келді берекесі.
Молшылықтың жаршысы бола білді,
Алтын күз-ырыс,береке,бірлік ала келді.
Осымен, мерекеге арналған ертеңгілігіміз өз мәресіне жетті. Тамашалағандарыңызға рахмет!
Хор: «Күз тамаша»