«Еркетай» ересек тобындағы ұйымдастырылған іс-әрекет кезеңі.
22.09.2026
Тақырыбы: "Мен және менің досым"
Мақсаты: Балалардың достық, өзара сыйластық және қамқорлық туралы түсініктерін қалыптастыру. Досына көмектесуге, бір-бірін тыңдауға, құрметтеуге және достық қарым-қатынасты бағалауға тәрбиелеу. Міндеттері:
-«Дос», «достық» ұғымдарының мағынасын түсіндіру; - өз досының жақсы қасиеттерін сипаттап айтуға үйрету; - балалардың байланыстырып сөйлеу дағдыларын дамыту; -достарына мейірімділікпен, қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу. Шаттық шеңбері: Балалар шеңберге тұрады. Педагог:
– Балалар, бір-бірімізге жылы жүзбен қарап, жақсы тілектер айтайық. Балалар:
– Денің сау болсын!
– Көңіл-күйің жақсы болсын!
– Әрқашан күлімдеп жүр!
– Досың көп болсын!
Педагог:
– Балалар, бүгін біз өте маңызды тақырып туралы сөйлесеміз. Ол – достық.
Дос деген кім?
- Сенің досың бар ма?
- Досыңмен не ойнағанды ұнатасың?
- Досың қандай?
- Досың қиналған кезде не істейсің?
- Досыңмен ренжісіп қалсаң, қалай татуласуға болады? – Нағыз дос әрқашан досына көмектеседі, оны ренжітпейді, қиын кезде қолдау көрсетеді. Достар бір-бірін тыңдайды, сыйлайды және кешіре біледі.
Қ/О: «Досымды тап»
Балалар шеңберге тұрады. Педагог допты бір балаға береді.
Бала допты алған кезде:
«Менің досым – ... . Ол мейірімді, көңілді, ақылды» – деп досының бір жақсы қасиетін айтады.
Содан кейін допты басқа балаға береді.
Сергіту сәті: «Дос болайық»
Бір-бірімізге қарайық,
Күлімсіреп тұрайық.
Қол ұстасып бәріміз,
Дос болып бірге жүрейік! Балалар қимылдарды қайталайды. «Жақсы ма, жаман ба?» ойыны: Педагог әртүрлі әрекеттерді атайды. Балалар жақсы әрекет болса – қолдарын шапалақтайды, жаман әрекет болса – бастарын шайқайды.
Шығармашылық тапсырма: «Менің досым»
Балаларға түрлі түсті қарындаштармен берілген шаблондағы суретті бояуы керек. Қорытынды: – Балалар, бүгін не туралы әңгімелестік? Балалардың жауаптары тыңдалады. – Достық дегеніміз – бір-бірімізді сыйлау, көмектесу, қамқор болу және жақсы қарым-қатынас жасау. Әрқайсымыз досымызға мейірімді болсақ, тобымызда әрдайым қуаныш пен татулық болады.
Тәрбиеші: Каиржанова О.Х.