01.04.2019
Тақырыбы «Армысыз, Әз Наурыз»
Мақсаты:
1. Халқымыздың ұлы мейрамы – Наурыз тойы туралы балалардың білімдерін кеңейту. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен әдеп ғұрпымен таныстыру
2. Балалардың ойлау, қабылдау, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
3. Мерекелік көңілін көтеру, елге деген сүйіспеншілікпен бірге, салт-дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Наурыз мерекесіне арналған суреттер, интерактивті тақта, киіз үй, шарлар, дөңгелек үстел, бесік, арқан.
Тәрбиеші:
Жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып,
Наурыз тойын тойлатып,
Ұлыстың Ұлы күні келді, ағайын!
Той кұтты болсын! Ақ мол болсын!
Құрметті балалар бүгінгі Наурыз мейрамына арналған «Армысыз, Әз Наурыз!» атты тәрбие сағатымызды бастайық.
Ұлыс күні кәрі-жас,
Құшақтасып көріскен,
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өріскен.
Ұлыс күні қар еріп,
Сай-салалар гүрілдеп,
Көк шөбі шығып желкілдеп
Дүние біткен күлімдеп.
Балалар:
Ұлыс оң болсын
Ақ мол болсын!
Наурыз құтты болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Көрініс «Күн мен түн»
Күн мен Түн ортаға шығады)
Күн: Сәулесі көп күнмін.
Түн: Жұлдызы көп түнмін
Екеуі: Бірдей болып біздер,
Теңелеміз бүгін
Түн: Ал, ертең күн ұзақ.
Күн: Түн қысқарар бірақ.
Екеуі: Ұйқы қанбай қалып
Жүрмендер тек жылап.
Күн менен түн теңеледі,
Жер шуаққа кеңеледі.
Соны тойлар ел енді
Әңгімелесу.
- Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
— Көктем айларын атап шығайық. (наурыз, сәуір, мамыр)
- Көктемде қандай өзгерістерді байқауға болады?
— Ауа-райы қандай болады?
- — Көктемде қандай мейрамдар тойланады?
— Иә, балалар, көктемде табиғат ерекше күйге еңеді. Көктем - жыл мезгілінің әдемі бір кезеңі. Наурыз айында күн ұзарып, түн қысқарады. Күн көзінің шуағы молаяды. Қар еріп, жыралардан су аға бастайды. Көктем – өте көңілді мезгіл. Күн біртіндеп ұзарады, күн жылиды. Қар еріп, жыраларға су толады. Жылы жақта қыстайтын құстар ұшып келеді. Көктемнің алғашқы күндерінен бастап жер бетіне қылтиып, бой көтеріп гүлдер өседі. Бұлар көктемнің алғашқы гүлдері деп аталады. Бұл бәйшешек, жауқазын, қызғалдақ. Көктемде ұлы мейрамымыз — Наурыз тойланады. Наурыз шығыс күнтізбесінде жаңа жыл басы деп саналады. 21-22 наурызда күн мен түн теңеледі. Наурыз деген сөздің өзі «нау» — жаңа, «руз» — кун деген сөздерден алынып, жаңа жыл деген ұғымды білдіреді. Адамдар Наурызға дайындалады. Олар үй, арық, аула, көшені тазалайды. Ағаш, гүл егеді. Адамдар үйлерінде дастархан жаяды. Ән шырқап, би билеп, ойын ұйымдастырады. Наурыз — бақыттың бастамасы, ұлылықтың ұйытқысы, жақсының жаршысы, ынтымақтың белгісі, өмірге нұр сыйлаған, сезімге гүл сыйлаған халық қастерлейтін күн.
Тәрбиеші: Тақпақ айтып, жыл басы,
Құлағынды сал, тыңдашы.
Бар бөбекке өзіңдей
Бейбіт өмір сыйлашы.
Алим:
Бата беріп атамыз,
Бата беріп апамыз,
Тәтті болып жасалған,
Наурыз дәмін татамыз.
Еркежан:
Күн мен түн теңеледі,
Жер шуаққа бөленеді,
Соны тойлар ел енді.
Наурыз тойы - салтымыз,
«Көгерсін» — деп халқымыз,
Көшеге тал егеміз.
Арсен:
Көкке бояп өңірді,
Көктем келді көңілді.
Бау-бақшада, орманда,
Құстар әні төгілді.
Адия:
Қарды ерітіп жылғасы,
Наурыз келді – жыл басы.
Шуақ төкті жарық күні,
Мейрамында халықтың.
Аянат:
Келіп көктем құстар
Бау-бақшада ән салды
Оларды жас достары,
Ұя салып қарсы алды.
Тәрбиеші:
Жарқыраған жас нұрлы,
Жаса Наурыз дәстүрлі!
Осындай байтақ елімде,
Айтылады әніміз.
Хор «Дастархан»
Тәрбиеші:
— Ал енді балалар! Мен сендерге қазір жұмбақ жасырамын.Жұмбақтың шешуін табыңдар.
Дәмді-дәмді тағамдарды жинайды,
Қонақтарды көңілдене сыйлайды.
(дастархан)
- Бұл не? Дұрыс айтасыңдар, балалар! Бұл дастархан. Ал дастарханға қандай қазақтың ұлттық тағамдары қойылады?
Тәрбиеші:
Ұлы өнерді халқымыздан үйренген,
Жүректерді күмбірлетіп күйменен.
Қыздарымыз қызғалдақтай қырмызы,
Мың бұрала «Сұлу қыз» биін билеген.
Тәрбиеші: Көктем кезіңде Наурыз мейрамы қарсанында мал төлдеп, адамдардың ауызы аққа тиеді. Ендеше біздің бүлдіршіндеріміз ән айтуға әзір.
«Наурызым» әнін ұсынамыз
Тәрбиеші:
Арпа, бидай, тары бар,
Қатық, малта, ағы бар,
Ішілетін, жейтінін,
Бұл көжеде бәрі бар.
— Армысыз, Ару Ана! Ақ мол болсын! Әже, мына Наурыз көжені неше түрлі тағам қосып әзірлейсіз? Соны балаларға айтып берсеңіз.
Тәрбиеші:
Бауырласқа тәнтіміз,
Бұзылмаған салтымыз.
Кең даламның ежелгі,
Қазақ деген халқымыз
Өзге ұлттай біздің де
Бар дәстүр мен салтымыз.
Балалар тұрмыстық салт-дәстүрлерге байланысты сіздерге бірнеше сұрақтар ұсынамын . (қоржындағы нөмерленген асықтарды ұсыну)
1. «Құдайы қонақ» дегеніміз не?
Құдайы қонақ дегеніміз -бейтаныс, шалғай ел, алыс жерден жолаушылап жүрген тосын қонақ. Олар нағыз сауабы тиетін қонақ.
2. Тоқымқағар дегеніміз не?
Тоқымқағар дегеніміз-жас жігіт алғашқы сапарға шыққанда оның ата-анасы тоқымқығар жасап, мал сойылып,үлкен-кіші шақырып қонақ етеді.
3. Ең көп сақталған ұлттық тағам?
Ең көп сақталатын ұлттық тағам-құрт.
4. Арнайы қонақ дегеніміз не?
Арнайы қонақ дегеніміз- алыстан әдейі іздеп келген тума –туыстар, жолдастар. Бұлар нағыз сыйлы, сағына күткен қонақтар.
Тәрбиеші:
Ей, балалар, балалар
Енді маған қараңдар
Наурызды тойлайық,
Қызық ойын ойнайық.
Наурыз мейрамында халық қуанып ұлттық ойын түрлерін ойнап көңіл көтерген.
Қандай ұлттық ойындарды білесіңдер?
-Балалар: «Көкпар », «Қыз қуу», «Арқан тарту» , «Асық ату»т.б ойындар.
Ал, балалар, ендеше біз «Итеріспек» ойынын ойнап күшімізді сынап көрелік. Балаларға ойын шартын түсіндіріп береміз.
Тәрбиеші
Ұлыс күні қазан толса,
Сол жолы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса
Сонда олжалы жол болар.
Қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрінің бірі – бата-тілек білдіру. «Жаңбырменен жер көгереді, батамен ер көгереді», «Баталы құл арымас» — деген ой-пікірді уағыздап, кейінгі ұрпағына ықылас білдіріп, ақ ниетпен бата беріп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған.олай болса, Қыдыр атамыздан бата сұрйық.
Қыдыр ата бата береді:
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Қайда барсаң жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін!
Бәле-жала жерге енсін!
Ұлы халқым тоқ болсын,
Көйлектерін көк болсын!
Қайғы-уайым жоқ болсын!
Қуаныштарын көп болсын!
Әумин! (бетін сипап бата береді)
Осымен «Армысыз, Әз Наурыз» ертеңгілігіміз аяқталды.Сөз кезегін мектеп басшыларына береміз
Көрініс. «Үш бидің өсиеті»
Төле би:
Жаңбыр жаумаса жер жетім,
Басшысы болмасаа ел жетім,
Ұқпасқа айтқан сөз жетім.
Атың жақсы болса – ер жігіттің пырағы,
Балаң жақсы болса – жан мен тәннің шырағы.
Қазбек би:
Тату болса ағайын жақын,
Ақылшы болса апайың жақын,
Бауырмал болса інің жақын.
Алдыңа тартқан адал асың,
Қимас жақын қарындасың.
Әйтеке би:
Ашу бар жерде ақыл тұрмайды,
Ашу деген ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген дария
Алдын тоссаң тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған бәлеге жолығады,
Жол қуған олжаға жолығады.
Тәрбиеші: Жарайсыңдар балалар , осы билеріміздің сөздерін әркез есімеріңде сақтап, ұмытпаңдар.
Біз бүгінгі күніміздің соңын да қазақ халқының «Қара жорға» биімен бәріміз билеп, көңілімізді көтеріп алайық.
-Балалар, келіп жеткен Әз Наурызымыз құтты болсын!
Бар армандарың орындала берсін. Бүгінгі тәрбие сағатымызды осымен аяқтаймыз.